2025 жылы Астанада әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму қарқын алды – астаналық депутат
Астана қалалық мәслихатының депутаты Мадина Әжікенова 2025 жылы Астанада әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму қарқын алғанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Депутаттың сөзінше, 2025 жылы елордада жаңа мектептер мен скверлер ашылып, Астана тұрғындар үшін бұрынғыдан да жайлы бола түсті.
«Биыл Астанада әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму қарқын алды: бірнеше жаңа мектептер есік ашып, қалада жаңа скверлер салынды, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасты. Өз тарапымнан 4-сайлау округінің депутаты ретінде бірқатар депутаттық сауалдарым орындалып, соның нәтижесінде Ұлы дала – Қалдаяқов көшелерінің қиылысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бағдаршам орнатылды, сондай-ақ Доспанова, 2/2 тұрғын үй кешенінің жанында мектепке дейін балаларға арналған тротуар салынды», - деді Мадина Әжікенова.
Ол өзі үшін 2025 жыл ізденіс жылы болғанын айтады.
«2025 жыл мен үшін кәсіби тұрғыда ізденіс пен даму кезеңі болды: жақсы идеялар мен тың бастамалар қалыптасты. Ал 2026 жылы сол идеяларды нақты жобалар мен жаңа бастамалар ретінде іске асыруды жоспарлап отырмын», - деді депутат.
Ол 2026 жылы биыл қолға алған жобаларын одан әрі дамытып, нәтижеге жетуді мақсат тұтып отыр.
«2026 жылы басталған жобаларды жүйелі түрде дамытып, қызмет аясын кеңейтуді жоспарлап отырмын. Биыл қалыптасқан жақсы идеяларды нақты іске айналдыру арқылы жаңа бастамаларды жүзеге асыру басты мақсатым болады», - деді Мадина Әжікенова.
Сөз соңында Астана тұрғындарын Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді:
«Астана тұрғындарын келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық, береке, тұрақтылық пен қуаныш тілеймін. Жаңа жыл әр отбасыға жаңа мүмкіндіктер мен жарқын жетістіктер әкелсін!».