14 қылмыс мәліметін тіркеуден жасырған: Алматыда полицияның бұрынғы тергеушісі сотталды

14 қылмыс мәліметін тіркеуден жасырған: Алматыда полицияның бұрынғы тергеушісі сотталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Алматы қаласында арнайы прокурорлар Наурызбай ауданы Полиция басқармасының бұрынғы тергеушісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
 
«Тергеу барысында тергеуші 14 қылмыстың жасалғаны туралы мәліметтер қолында бола отырып, оларды тіркеуді қасақана жасырып, қылмыстық құқық бұзушылықтарды есепке алудың тәртібін бұзғаны анықталды. Жүргізілген кешенді тергеу айыпталушының құқыққа қарсы әрекетін растады», делінген хабарламада.

Күдіктінің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 433-бабы 2-бөлігімен сараланды.

Сот үкімімен бұрынғы тергеуші кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте 3 жыл мерзімге қызмет атқаруға тыйым сала отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды. Сондай-ақ ол полиция лейтенанты атағынан айырылды.

Еске салсақ, Қостанайда полицейді жабылып соққыға жыққандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.