117,6 млн теңге қайтарылмаған: Жетісу облысында кәсіпкерлер құқықтары өрескел бұзылды

6 қаңтар, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
117,6 млн теңге қайтарылмаған: Жетісу облысында кәсіпкерлер құқықтары өрескел бұзылды
фото: Оңалхан Өнерхан

Ақсу ауданының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу және жер заңнамасы салаларында жүргізілген талдаулардың нәтижесінде кәсіпкерлер мен инвестордың құқықтарының өрескел бұзылғанын анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Жетісу облысының прокуратурасына сілтеме жасап. 

Ақсу ауданының орталық аудандық ауруханасы тарапынан жеткізушілердің шарттық міндеттемелерді толық орындауына қарамастан, 57 кәсіпкерге шарттарды орындауды қамтамасыз етудің 3%-ы,  жалпы сомасы 117,6 млн теңге қайтарылмағаны анықталды.

Бұдан бөлек, жер заңнамасының сақталуына қадағалау жүргізу барысында инвестордың құқықтарының бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, Ақсу ауданында «Екпінді» ЖШС-нің инвестициялық жобасын іске асыру кезінде жалдау шартымен көзделген 100 гектар жайылымдық жер берілмеген.

Анықталған барлық фактілер бойынша прокурорлық ден қою шаралары қабылданып, кәсіпкерлер мен инвестордың құқықтары қалпына келтірілді, кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Еске салайық, бұдан бұрын Алматы прокуратурасы интернет және телефон алаяқтығымен күресті күшейткені туралы жаздық.