Қылмыстың алдын алу: тәртіп пе, тәрбие ме

9 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қылмыстың алдын алу: тәртіп пе, тәрбие ме
Фото: «Азамат» бағдарламасы ұйымдастырушылардан

Қазақстанда жастар арасындағы құқықбұзушылық жиілеп отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz «Азамат» бағдарламасына сілтеме жасап.

Статистика деректеріне сүйенсек, жастар тарапынан жасалатын бұзақылық 16,3%-ды құраса, тұрмыстық зорлық-зомбылық 88%-ға жеткен. Қылмыстың түрі көбейіп, жасалуы жиілеген сайын, қоғамның қауіпсіздігі мен адам құқықтарын қорғау күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырыпқа айналуда. Осы және өзге де маңызды сұрақтар «Азамат» интеллектуалды бағдарламасында талқыланды. Қатысушылар жастар арасындағы құқықбұзушылықтың негізгі себептері мен оны азайтудың тиімді жолдарын ұсынып, пікір сайыстырды.

Бірінші тарап жәбірленуші тараптың мүддесін бірінші орынға қою керек екенін айтты. Олардың пайымдауынша, құқықбұзушылықтың салдары – қайтымсыз. Олар жәбірленушінің мүддесін қорғауды басты орынға қойып, қылмыскер мен жәбірленуші арасындағы кешірімге негізделген тәжірибені сот тәжірибесінен алып тастауды  ұсынды. Мысал ретінде, олар 2018 жылы Денис Теннің өліміне қатысты істі келтірді: ол қылмыскер бұған дейін рецидивист болып, алғаш жасаған қылмысы үшін кешірім алып, жазадан құтылып кеткен, алайда бұл кешірім оның әрекетіне тосқауыл бола алмай, соңы адам өліміне ұласқан ауыр қылмысқа әкеліп соқты.

Екінші тарап қылмыстың салдарымен емес, оның туындау себептерімен жүйелі түрде күресу қажет екенін алға тартты. Олардың айтуынша, жастардың заң алдындағы жауапкершілікті толық сезінбеуі, әлеуметтік тәрбие институттарының әлсіздігі және балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану мүмкіндігінің шектеулі болуы – құқықбұзушылықтың негізгі себептері саналады. Осы мәселелерді шешу үшін олар «Қауіпсіз ұрпақ» атты кешенді бағдарламаны ұсынды. Бағдарлама аясында жастарға арналған тегін үйірмелерді көбейту, алты ай жұмыссыз жүрген жастарды тіркеп, нақты себептерін анықтау, мектеп инспекторларының жұмысын күшейту және құқық пәніне қылмыстық жауапкершілік тақырыбын енгізу секілді шаралар қамтылған.

«Азамат» интеллектуалды алаңы жастар арасындағы құқықбұзушылық мәселесін жан-жақты талқылап, нақты ұсыныстар мен батыл бастамаларға жол ашты. Тараптардың ұсынған шешімдері қоғамдағы тәртіп пен әділеттілікті нығайтуға бағытталған түрлі тәсілдерді көрсетті. Бұл тақырып төңірегіндегі пікірлер – бір ғана студияның емес, бүкіл қоғамның үнін білдіреді. Жастардың қауіпсіз, саналы және жауапты ортада өсуі – барлығымыздың ортақ міндетіміз.