Мөлдір Мұқан «Таза Қазақстан» акциясын қолдады

28 наурыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Мөлдір Мұқан «Таза Қазақстан» акциясын қолдады
фото: видеодан алынған кадр

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында видео жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бейнежазбадан Мөлдір Мұқанның балаларымен бірге аула тазалығына назар аударғанын көруге болады. 

Оның сөзінше, әрбір адам аула тазалығына өз үлесін қосу керек. 

«Таза орта – жарқын болашақтың кепілі. «Менің аулам» челленджі – қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба әсіресе балалар үшін үлкен тәрбие мектебі бола алады. Себебі бала тәрбиесі – ең алдымен отбасы мен қоршаған ортаның әсеріне байланысты. Егер біз өз ауламызды таза ұстап, балаларды еңбекке баулысақ, олар жауапкершілікті сезініп, табиғатқа жанашыр болып өседі»,- дейді ол.

Сонымен қатар Мөлдір Мұқан өз оқырмандарын экологиялық акцияға белсенді атсалысуға шақырды.

«Ұлы ойшылдарымыз бен дана халықымыз тазалықты жоғары құндылық ретінде бағалаған. Сондықтан әр отбасы өз ауласынан бастап, тазалық пен тәртіпке үлес қосса, біздің қалаларымыз ғана емес, бүкіл еліміз көркейе түсері анық. Осы игі бастамаға баршаңызды белсенді қатысуға шақырамын!»,- дейді ол.

Мөлдір Мұқанның қызы Айым тазалық әрбір отбасынан басталатынын атап өтті.

«Таза Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, сондықтан оны таза ұстау – әрқайсымыздың міндетіміз. Мен ауламның таза болғанын қалаймын, өйткені таза ортада ойнау да, демалу да көңілді. Үйде отбасым маған әрдайым тазалықтың маңызды екенін айтып отырады, ал мен оны достарыма үлгі ретінде көрсеткім келеді. Егер әркім өз ауласын таза ұстаса, бүкіл еліміз көркейе түседі»,- дейді Айым Тұрсынбекқызы.

Айта кетейік, елордада республикалық «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр.