Петропавлдан Мысырдың танымал курорттық аймағына әуе рейсі ашылады

12 маусым, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Петропавлдан Мысырдың танымал курорттық аймағына әуе рейсі ашылады
Фото: Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі

Биыл шілде айынан бастап Петропавл – Шарм-эш-Шейх бағыты бойынша жаңа туристік әуе рейсі іске қосылады, деп хабарлады Elordainfo.kz СҚО әкімдігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, бүгін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС-ның жаңа директоры Октем Мұстафа Йылтанмен кездeскен.

Кездесуде әуежайдың даму перспективалары, инфрақұрылымды жақсарту және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері талқыланған.

«Маңызды жаңалықтардың бірі – түнгі рейстерге рұқсат берілуі. Бұл әуежайға тәулік бойы ұшақ қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа жанармай құю станциясы іске қосылды, бұл логистиканың  жақсаруына, үлкен  әуе кемелерін қабылдауға жол ашты.

Сонымен қатар 2 шілдеден бастап Петропавл – Шарм-эш-Шейх бағыты бойынша жаңа туристік әуе рейсі іске қосылады. Болашақта басқа да халықаралық бағыттарды ашу жоспарда бар», - делінген хабарламада.

Жаңа бағыттың ашылуы әуежайдың өткізу қабілетін ұлғайтып, жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартуға және солтүстікқазақстандықтар үшін туристік мүмкіндіктерді кеңейтуге септігін тигізеді деп күтіліп отыр.