Автобус бағанаға соғылды: Зардап шеккендер сақтандыру төлемдеріне жүгіне алады

3 маусым, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Автобус бағанаға соғылды: Зардап шеккендер сақтандыру төлемдеріне жүгіне алады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен автобус жолаушылары сақтандыру төлемдеріне жүгіне алады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Автобустың бағанаға соғылуынан зардап шеккен жолаушылар сақтандыру компаниясынан төлемдер ала алады. Автобус жүргізушісі «Евразия» СК-да тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігі міндетті сақтандыру шеңберінде сақтандырылған», - деп жазылған «Евразия» СК баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

2 маусым күні кешке Астанада Республика даңғылы бойынша Ташенов көшесіне қарай №10 маршрут бойынша келе жатқан автобус жүргізушісі бағанаға соғылды.

Қазіргі уақытта ЖКО салдарынан 15 жолаушы зардап шеккені белгілі. Олардың ішінде балалар да бар. Зардап шеккендер әртүрлі дәрежедегі жарақаттармен медициналық мекемелерге жеткізілді. Үш зардап шеккен адам ауруханада жатыр. Олардың жағдайы – ауыр. Бір баланың аяғының төменгі жағына ампутациялау операциясы жасалды.

Мүгедектік алған кездегі сақтандыру төлемдерінің мөлшері:

●        I топ-5 000 АЕК немесе 19,6 млн теңге;

●        II топ-3 500 АЕК немесе 13,7 млн теңге;

●        III топ - 2 500 АЕК немесе 9,8 млн теңге;

●        Бала топқа қарамастан-5 000 АЕК немесе 19,6 млн теңге.

Бұдан басқа зардап шеккендер амбулаториялық немесе стационарлық емдеуге жұмсалатын нақты шығындардың 200 АЕК-тен немесе 786 мың теңгеден аспайтын мөлшерде өтелім ала алады. Денсаулыққа келтірілген залалдың мөлшері медициналық ұйым берген құжаттар мен емделуге кеткен төлем құжаттарының негізінде айқындалады.

Сондай-ақ жолаушы қайтыс болған жағдайда қайтыс болған адамның асырауындағы адамдарға (кәмелетке толмаған балаларға, әрекетке қабілетсіз немесе қарт ата-аналарға) 5 000 АЕК немесе 19,6 млн теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі көзделген.

Зардап шеккендер мен олардың отбасы мүшелері сақтандыру төлемдерін алу бойынша кеңес алу үшін жедел желі телефоны арқылы жүгіне алады: +7 7172 92-51-49 (ішкі 4322), +7 727 258-43-36 (ішкі 4322) немесе электрондық мекенжай бойынша: ServiceCenter@theeurasia.kz. Зардап шеккендерді немесе олардың ресми өкілдерін компанияның Астана, Тұран даңғылы, 42 мекенжайындағы кеңсесінде кезексіз қабылдайтын болады.