«Атырау – Орал» автожолы орташа жөндеуден өткізіледі


Алдағы уақытта республикалық маңызы бар KAZ12 «Атырау – Орал» автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізу бойынша ауқымды жобаның жұмыстары басталмақ, деп хабарлады Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-на сілтеме жасап.
Бұл жол батыс өңірінің екі ірі қаласы - Орал мен Атырауды байланыстырады. Жалпы ұзындығы 487 шақырымды құрайды.
Жоба 364 шақырым жол төсемін қамтымақ. Негізгі атқарылатын жұмыстар: иірімді учаскелерді жою, топырақ қайта өңдеу әдісімен топырақты қосу арқылы негізді күшейту, астыңғы және үстіңгі жабынды төсеу, жолжиекті күшейту, сондай-ақ жол белгілерін орнату және таңбаларды салу.
«Қазіргі таңда қаржы көзі қарастырылуда. Содан кейін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, міндетті сараптамадан өтеді. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады», - делінген хабарламада.
Қосымша автожолда шұңқырларды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Орташа жөндеу жұмыстарын 2025 жылдан 2027 жылға дейін өткізу жоспарлануда.