Астана мен батыс өңірлерді жалғайтын жаңа автожол салынады

Бүгін, 15:58
Айман Нығмет Айман Нығмет
Астана мен батыс өңірлерді жалғайтын жаңа автожол салынады
фото: Қазавтожол

Елордада өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Қытайдың CITIC Group корпорациясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл құжаттың басты мақсаты — Астананы елдің батыс өңірлерімен байланыстыратын стратегиялық маңызы бар «Орталық–Батыс» жобасын бірлесіп жүзеге асыру.

«Орталық–Батыс» жобасы — Қазақстанның көлік саласындағы маңызды бастамаларының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес басталған бұл жоба өңірлер арасындағы байланыс пен ынтымақтастықты нығайтып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға және Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға бағытталған»,- делінген хабарламада. 

Естеріңізге сала кетсек, тараптар бұған дейін мамыр айында Қытайда келіссөздер өткізген еді. Сол кездесу барысында ынтымақтастықты тереңдету және жобаны жүзеге асыру шарттары қарастырылды.