Алакөлге жазда 240 мың жолаушы теміржол көлігімен тасымалданады

18 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Алакөлге жазда 240 мың жолаушы теміржол көлігімен тасымалданады
фото: ҚТЖ баспасөз қызметі

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жазғы кезеңде жоғары сұранысқа ие туристік бағыттарда 12 қосымша маршрутты іске қосты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Астана, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Семей және Өскемен қалаларынан пойыздарды қоса алғанда, Алакөл бағытында барлығы 13 маршрут ұйымдастырылды. Оның ішінде 11 бағыт бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздары, екі бағыт бойынша — жеке тасымалдаушылар құрамы жүреді. Ұлттық тасымалдаушы ұйымдастырған тоғыз маршрут жазғы кезеңге арнайы іске қосылды. Осы бағыттарға тартылған ұлттық тасымалдаушы пойыздары ауа баптау жүйесімен толық жабдықталған», — делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Өткен жыл қорытындысы бойынша Алакөл бағытына және кері қарай теміржол көлігімен 236 мың жолаушы тасымалданды. Биыл 240 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсету жоспарлануда. 2022 жылдан бастап осы бағыттағы жолаушылар ағынының көлемі 90% ұлғайды, бұл елдегі ең танымал курорттардың бірінде демалуға тұрақты жоғары сұранысты көрсетеді.

«Алакөлден басқа, Бурабай курорттық аймағы жолаушылар арасында дәстүрлі түрде танымал. Жазда негізгі ағынды Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары қамтамасыз етеді. Осы мегаполистер арасында жүретін пойыздар жүктеме мен сұраныстың жоғары деңгейін көрсетіп отыр»,- делінген хабарламада.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жазғы демалыс кезеңінде сервис сапасын арттыру және бүкіл ел бойынша жолаушылардың қолжетімді, жайлы қозғалысын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырып отыр.

Алакөлге қатынайтын пойыздар:

№ 54/53 Астана — Достық

№ 254/253 Астана — Достық

№ 207/208 Алматы-2 — Жалаңашкөл

№ 221/222 Алматы-2 — Достық

№ 211/212 Алматы-2 — Достық

№ 457/458 Семей — Достық

№ 459/460 Өскемен — Достық

№ 21/6942/6941/22 пойыздар құрамындағы Алматы — Достық

№ 21/6942/6941/22 пойыздар құрамындағы Қызылорда — Достық № 31/6942/6941/32 пойыздар құрамындағы Павлодар — Достық

Сұранысқа ие бағыттар бойынша жүретін пойыздар:

№ 201/202 Астана-Алматы

№ 203/204 Астана-Шымкент

№ 219/220 Қарағанды-Балқаш