Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы 2036 жылы аяқталады


«Росатом» АЭС салу үшін қанша уақыт пен қаражатты талап етті? Бұл туралы ҚР Атом энергетикасы агенттігі баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, атом электр станциясын жобалау, салу және іске қосу мерзімі шамамен 10–12 жылды құрайды. Осыған байланысты, құрылыс жұмыстарының шамамен аяқталу мерзімі – 2035–2036 жылдар аралығы. «Росатом» бұл жоспарлармен сәйкес келісетінін айтты.
«Жоба құнына келсек, қазіргі таңда «Росатом» бәсекелестік диалог аясында ұсынған индикативті бағаны жариялай алмаймыз. Өйткені бұл коммерциялық сипаттағы мәселе және біз ақпаратты жарияламау туралы келісіммен шектелгенбіз. Жобаның нақты құны туралы айту әлі ерте. Кез келген АЭС құрылысының соңғы құнына көптеген факторлар әсер етеді»,- делінген хабарламада.
Соның ішінде инженерлік-іздестіру жұмыстарының нәтижелері:
–яғни құрылыс жүргізілетін жердің метеорологиялық және сейсмологиялық жағдайларының әсері;
–реакторлық технологияны жеткізуші құрамына кірмейтін халықаралық өндірушілердің жабдықтарын қолдану;
–АЭС салу жоспарланып отырған аумақта құрылыс материалдары мен жабдықтарды өндіру деңгейі;
–құрылыс-монтаж ұйымдарының және білікті мамандардың қатысуы — яғни жергілікті кадрлардың бар-жоғы немесе үшінші тарапты тарту қажеттілігі;
–логистикалық, қаржылық және басқа да шығындар.
Жобаның нақты құны жобалау аяқталып, сараптамадан өткеннен кейін ғана анықталады.