Ақмола облысында екі ауыл ішімдіктен бас тартты


Ерейментау ауданында орналасқан төрт ауылдың тұрғындары өз еріктерімен алкогольді ішуден бас тартты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ерейментау ауданының прокуратурасы Мемлекет басшысының тапсырмасын және «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын орындау мақсатында Еңбек ауылы тұрғындарымен кездесу өткізді.
Іс-шараның басты тақырыбы - ауылда алкогольдік өнімдерді тұтынудан және сатудан өз еркімен бас тарту болды.
Бұл бастама ауыл ақсақалдарының қолдауына ие болып, бірауыздан мақұлданды. Олар моральдық құндылықтарды, қоғамдық тәртіп пен өсіп келе жатқан ұрпақтың қауіпсіздігін сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Осы бастама қоғамдық тәртіпті нығайтуда елеулі қадам жасауға мүмкіндік берді. Биыл аталған ауылда бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ.
«Аудан прокуроры басқа ауылдардың тұрғындарымен кездесу барысында Еңбек ауылы тұрғындарын үлгі етті. Кездесулердің нәтижесінде тағы үш ауыл тұрғындары белсенді азаматтық ұстанымдарын танытып, қауіпсіз әрі салауатты өмір сүру ортасын құруға ұмтылатын елді мекендердің қатарына қосылды»,- делінген Ақмола облыстық прокуратурасы таратқан хабарламада.



