Қуандық Бишімбаев рақымшылық арқылы түрмеден ерте шыға ала ма – ІІМ жауап берді


Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтіргені үшін 24 жылға сотталған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев Конституцияның отыз жылдығына орай жасалатын рақымшылыққа ілікпейді. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мәжіліс кулуарында журналистер ІІМ басшысының орынбасарынан «Бишімбаев рақымшылықпен босап шығуы мүмкін бе?» деп сұрады.
«Адам өлтіргені үшін сотталғандар рақымшылыққа ілікпейді», - деп қысқа қайырды Қайырбеков.
Оның айтуынша, қазір Бишімбаев қауіпсіздігі жоғары колонияда жазасын өтеп жатыр. Оның адвокаты мен жақын туыстары қай мекемеде жазасын өтеп жатқанын біледі, оларға хабар берілген.
Естеріңізге салайық, Қуандық Бишімбаев 2023 жылы 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні Астанадағы мейрамханада азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрған. Соның салдарынан Нүкенова 9 қараша күні кешке таман көз жұмған. Бишімбаев тура сол күні Астанадағы уақытша қамау изоляторына қамалып, 2024 жылдың көктеміне дейін тергелді. Оның соты 2024 жылғы 27 наурызда басталып, 13 мамыр күні аяқталды. Судья оны 24 жылға бас бостандығынан айырды.



