Сыбайлас жемқорлықпен сотталғандарға рақымшылық жасала ма


Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қарап жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сотталғандарға рақымшылық жасау мәселесін көтерді.
«Заң жобасының екінші бабына сәйкес, қылмыс жасаған адам әлдекімге зиян келтірмесе немесе зиянын өтесе, мұндай орташа қылмыс жасағандарға рақымшылық қолданылады екен. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың мерзімдерін қысқарту көзделген. Бізде сыбайлас жемқорлық деген бір дерт бар. Оларды біз рақымшылыққа жатқызамыз ба? Себебі жемқорлықтың үлкен-кішісі болмайды. Аздап жемқорлық, толық жемқорлық деген тағы болмайды. Осы мәселе заң жобасында қалай реттелген?»- деді депутат Ермұрат Бапи.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспан заң жобасының төртінші бабында рақымшылыққа ілінбейтін шектеулер нақты көрсетілгенін айтты.
«Бұл заң жобасының төртінші бабында біз нақты шектеулерді енгіздік. Оған сәйкес қандай санаттағы қылмыстарға рақымшылық қолданылмайтыны туралы жазылған. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстардың барлық санаттағы істеріне рақымшылық қолдануға жатпайды. Қазіргі таңда бас бостандығынан айыру мекемелерінде 624 адам осы сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстары үшін отыр. Олардың ешқайсысына да рақымшылық заңының талаптары қолданылмайды», - деді Абзал Құспан.



