«Қаталдық пен мейірім – тәрбиенің қос қанаты»: ақын Аманжол Әлтай қағидаларын айтты

15 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Қаталдық пен мейірім – тәрбиенің қос қанаты»: ақын Аманжол Әлтай қағидаларын айтты
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

15 маусым – Әкелер күні мерекесіне орай Elordainfo.kz тілшісі Аманжол Әлтаймен бала тәрбиесі мен отбасындағы әкенің рөлі туралы әңгімелесіп қайтты. Мәжіліс депутаты бала тәрбиесіндегі басты қағидалары мен құндылықтары туралы айтты.

Ақынның сөзінше, әке болу – бір күндік қуаныш емес, өмірлік жауапкершілік.

«Алғаш әке атанған сәт – адамның өмірінде ешқашан ұмытылмайтын, жүрекке ерекше жазылатын мезет. Мен үшін де солай болды. 1994 жылы тұңғыш қызым Шаһзада дүниеге келді. Сол күні мен айтысқа шығуға дайындалып жатқан едім. Сахна сыртында тұр едім, сүйінші хабар жетті. Әке атанғанымды сахна алдында естідім.

Сол сезіммен сахнаға шығып, халықтан сүйінші сұрадым. Бұл менің өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі болды. Сол күннен бастап ішкі дүнием өзгерді. Бұған дейін тек өзім мен жарым үшін жауапты болсам, енді ұрпағым үшін де жауапты екенімді түйсіндім. Сол күн – жүрегімнің төрінде мәңгі сақталған күн.

Қызым дүниеге келгенде өлең жазған едім:

Таңғы тамшыдан таңдайға басқан тұнығым,

Аруана күннен еншілеп алған тұлымым.

Жұмбағы шексіз сынға алған мына өмірде,

Күдіксіз қарар тілеушім болшы, құлыным!

Әкелік жүгін арқалаттың-ау, арайлым,

Ұшырсам баптап, кәдеңе сонда жараймын.

Еркелігімді еркеме тарту етсем де,

Есейгім келмей елеңдеп артқа қараймын.

Бұл – әкелік сезімнің шынайы көрінісі. Өзім әлі балалық сезіммен жүрген сәтте ең алғаш әке атанғанда өзіңнің бойыңдағы балалық сезімді сол перзентіңе сыйлап, әкелік сезімге жалғастыратын сәтің осы сәт», - деді айтыс ақыны.

Аманжол Әлтай бала әкеге қарап бой түзейді, сондықтан алдымен әкенің өмірлік принциптері берік болуы керек екенін айтады.

«Әр бала ең алдымен ата-анасына қарап бой түзейді. Ұл әкесіндей болғысы келеді, қыз анасындай болғысы келеді. Бұл – табиғи заңдылық. Сол себепті  бала тәрбиесінде ең маңыздысы – ата-ананың сөзі емес, ісі мен болмысы. Егер бала өтірік айтпасын десең, өзің де өтірік айтпа. Досы көп болсын десең, өзіңнің де ортаң дұрыс болсын.

Меніңше, ата-ана баласына алдымен шынайы адам болудың үлгісін көрсетуі керек. Іс-әрекеті, адамгершілік болмысы, күнделікті тіршіліктегі әдебі – бәрі баланың бойына сіңеді. «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі» деген сөздің мәні де – осы», - дейді ол.

Ақын салиқалы ұл мен қыз өсіреміз десек, мейірім мен қаталдықты қос қанаттай тең ұстау керегін айтады.

«Бала тәрбиесінде тепе-теңдік болуы тиіс. Ер бала көбіне әкесінің қабағынан, қыз бала анасының жанарынан тәрбие алады. Біз өзіміз бала күнімізде әкеміздің қабағынан қаймығып өстік. Әрине, қатты болу деген балаңды қамшымен сабау емес, бірақ бала әкенің қабағынан қаймығуы керек. Қабағыңнан қаймықпаған бала ертең шолжаң болып, әртүрлі теріс әрекеттерге ұрынуы әбден мүмкін. Ондайда «тәйт» дегенді, қайыруды білмейтін, өмірге бейімсіз бала өседі.

Қатты болатын жерде қатаң, жұмсақ болатын жерде мейірімді бола білу қажет. Сол кезде бала бар мен жоқты, бой тиятын жер мен ұмтылатын жердің ара-жігін ажыратып өседі. Осының барлығы әке тәрбиесінің қатты болуы мен мейірімді болуының тепе-теңдігі сақталған жағдайда ғана жүзеге асады. Қазір қоғамда көптеген келеңсіз жағдайлар орын алып жатқан болса, сол баланың әкесінен немесе анасынан қаймықпағаннан. Сондықтан баланы бірбеткейлі, асты-үстіне түсіп өсіруге болмайды. 

Бұл – қорқыныш емес, құрмет пен тәртіпке негізделген, ішкі жауапкершілік сезімі», - деді ол.

Аманжол Әлтай қыз бен ұлдың тәрбиесі әртүрлі болуы керек екенін тілге тиек етті.

«Қыз бен ұлдың тәрбиесі әртүрлі. Бұл біздің ұлттық дүниетанымымызда терең қалыптасқан. Қыздың бойына ибалық, әдеп, мейірім сияқты қасиеттер ана арқылы сіңеді. Ал ұл мінезді, рухты, намысшыл болуы үшін әкенің тәлімі ауадай қажет. Ана ешқашан ұлға әкенің берген тәрбиесін бере алмайды. Әке де қызға ананың беретін тәлім-тәрбиесін бере алмайды.

Сондықтан «Ұлдың тәрбиесінің сұрауы – әкесінде, қыздың тәрбиесінің сұрауы – анасында» деген сөз бекер емес. Әр ата-ана осыны ұмытпаса екен деймін», - деді айтыскер ақын.

Ол сондай-ақ заманауи балалардың басты жауы әлеуметтік желі екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда балалардың көп уақыты әлеуметтік желі мен гаджеттерге тәуелді. Сол үшін ата-ана баласымен көбірек сырласып, дос бола білуі керек. Көп жағдайда балаға тәрбие ақылмен емес, жылулық арқылы беріледі. Мен балаларыма әке ретінде жиі айтып отыратын ақыл: Өтірік айтпа! Досыңды сатпа! Бүгін істейтін ісіңді ертеңге қалдырма! Ұят болады, обал болады, сауап болады деген сөздердің мағынасын жүрекпен түсін! Осындай сөздер балаға бағыт, болашаққа бағдар береді. Ертең өзі де ата-ана болғанда, «менің әкем айтушы еді…» деп есіне алатындай, әрбір сөзің мен ісің оған ұстаздай болуы тиіс», - дейді ақын.

Ол жас әкелерге кеңес берді.

«Қазіргі жас әкелерге айтар ақылым: балаңа жақын бол, ол кішкентай күнінен бастап сенің мейіріміңе, назарыңа, сөзіңе мұқтаж. Бесікте жатқан сәтінен бастап тәрбиеге көңіл бөл. Ертең бойы қатайып, ер жеткен соң, тәрбие беруге тырысу кеш болуы мүмкін. Бала – болашақ. Ал сол болашақтың негізі отбасында қаланады. Әке – сол іргетастың өзі. Әкенің қабағынан қаймыққан, анасының сөзіне тоқтаған бала ғана ертең еліміздің тірегі болады», - деді ақын.

Автор: Ақнұр Тұяқбай