Депутат «Самұрық-Қазына» қорын түбегейлі жаңартуды ұсынды


Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қазіргі қызметі қоғамның үмітін ақтамай отырғанын айтып, оны түбегейлі реформалауды ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, 2008 жылы Temasek Holdings (Сингапур) сияқты табысты шетелдік суверендік қорлардың үлгісімен құрылған «Самұрық-Қазына» бастапқыда стратегиялық антикризистік саясат институты және ұзақмерзімді экономикалық өсудің драйвері ретінде қарастырылған. Алайда бүгінде қордың жұмысы күмән туғызып отыр.
«Қордың қызметінде экономикалық тиімділік, ашықтық пен есептілік жетіспейді. Сонымен қатар, оның еншілес ұйымдарының нарықтық экономикаға негізсіз араласу тәжірибесі кең етек алған», - деді депутат.
Әділ Жұбанов 2023 жылғы Мемлекеттік сатып алу бірыңғай электрондық базасының деректерін мысалға келтіріп, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының барлық сатып алуының 60%-дан астамы бір көзден жүзеге асырылғанын атап өтті. «Бәйтерек» АҚ секілді басқа да құрылымдарда бұл көрсеткіш шамамен 50%-ға тең.
«Бұл - нарық қағидаттарына қайшы келетін жағдай. Мұндай тәжірибе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырып, монополияның қалыптасуына ықпал етеді», - деді ол.
Депутаттың пікірінше, Temasek Holdings моделін Қазақстанға бейімдеу сәтсіз жоба болды.
«Сингапурда қатаң институционалдық бақылау бар. Ол сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 5-орында тұрса, Қазақстан 180 елдің ішінде 93-орында. Осыдан-ақ жүйенің түбегейлі айырмашылығын көруге болады», - деді Жұбанов.
Ол сондай-ақ Қор активтерінің шамадан тыс шоғырлануы (ЖІӨ-нің 50%-ына дейін) және дер кезінде сыртқы аудиттің жүргізілмеуі басқарудағы стагнация мен тиімділіктің төмендеуіне әкеліп соққанын айтты. Оның сөзінше, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «KEGOC» сынды ірі компаниялардың қаржылық жағдайы нашарлап, қарызы көбейген, ал ашық трансформация стратегиялары мүлде жоқ.
«Жүйелі басқару мен сатып алудағы теңгерімсіздікті жоймайынша, Қор экономиканың қозғаушы емес, керісінше тежеуші күшіне айналады»,- деді депутат.
Осыған орай, Әділ Жұбанов «Самұрық-Қазынаны» институционалдық деңгейде жаңартуды ұсынып отыр. Оның айтуынша, Қор бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту алаңына айналуы тиіс, ал қазіргі квазимемлекеттік ықпал орталығы ретіндегі рөлінен бас тартуы қажет.
Ол шұғыл түрде қабылдануы тиіс бірқатар нақты шараларды атады:
Бірінші. Қор мен оның еншілес ұйымдарының қызметіне тәуелсіз ұлттық және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты сыртқы аудит жүргізу. Бұл аудит инвестициялық саясатты, корпоративтік басқаруды, сатып алулар мен мемлекеттік ресурстарды пайдалануды қамтуы тиіс. Нәтижесінде жүйелік кемшіліктерді жоюға бағытталған нақты ұсыныстары бар толық есеп ұсынылуы қажет.
Екінші. Қордың бейінді емес активтерін (логистика, құрылыс, телекоммуникация, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі салалары) кезең-кезеңімен бәсекелес ортаға беру. Бұл ретте мемлекет көлік және энергетика инфрақұрылымы, қорғаныс, ядролық және су қауіпсіздігі сияқты стратегиялық маңызды активтерге бақылауды сақтауы тиіс. Сонымен қатар жеке сектор үшін ашық қолжетімділік пен әділ бәсекелестік қамтамасыз етілуі қажет.
Үшінші. Қорды трансформациялау тетігін жедел әзірлеп, бекіту. Бұл тетік мынадай шараларды қамтуы тиіс:
бейінді емес барлық активтерді нарықтық жағдайға беру;
бір көзден сатып алудан кезең-кезеңімен бас тарту, электрондық, ашық тендер жүйесін енгізу, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету;
директорлар кеңесінің құрамын халықаралық деңгейдегі тәуелсіз мамандармен жаңарту.
Төртінші. Қордың қазіргі форматта сақталуын қайта қарау. Егер реформа жүзеге аспай жатса немесе ұзаққа созылса, Қорды орталықтандырылған холдинг ретінде трансформациялап, оның активтерін тиісті министрліктердің тікелей басқаруына өткізу қажет. Бұл басқару тиімділігі мен есептілікті арттырады әрі нарықтық ортаға қысымды азайтады.
«Жасанды квазимемлекеттік механизмдер мен мемлекеттік ресурстарға шектеулі қолжетімділік ұлттық экономиканың өсімін тежейді. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын төмендетіп, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін әлсіретіп отыр», - деп түйіндеді Әділ Жұбанов.



