Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда қай уақыттан бастап заңды жұмыс істей алады

10 маусым, 2025
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда қай уақыттан бастап заңды жұмыс істей алады
Фото: СІМ

Оңтүстік Корея үкіметі Қазақстан азаматтарына өз елінде заңды жұмыс істеуге рұқсат беру бойынша жұмысты биыл аяқтауы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, Оңтүстік Кореямен үлкен жұмыс атқарылған. Өйткені бұл елде заңсыз жұмыс істеп жүрген, негізінен оңтүстік өңірлерден шыққан қазақстандықтар еңбек қызметін заңдастыруға қызығушылық танытқан.

«Сыртқы істер министрлігі тиісті келісімді Қазақстан тарапынан Оңтүстік Кореяға жолдаған болатын. Алайда Оңтүстік Кореяда үкімет ауысқаннан кейін бұл жұмыс сәл баяулап қалды. Дегенмен, жаңа үкімет пен жаңа президенттің келгенін ескеріп, былтыр бастаған жұмысымыз биыл аяқталады деп ойлаймын. Бұл Қазақстан тарапына емес, бәрі Оңтүстік Корея үкіметіне байланысты», - дейді Әбілхатин Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Былтыр қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа тұра алатыны хабарланған болатын. Бұған дейін екі елдің еңбек және халықты қорғау министрліктері бірнеше рет келіссөз жүргізіп, Қазақстанды Employment Permit System жүйесіне қосу мәселесін талқылаған.