Қайтарылған активтер есебінен СҚО-да жаңа балабақша салынып жатыр


2025 жылғы 4 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары Абу-Али Саттар әкімдік өкілдерімен бірлесіп Петропавл қаласында балабақша құрылысын тексерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының мәліметінше, объект прокуратура органдары қайтарған активтер есебінен салынады. Жобаның жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құрайды.
«Балабақша 280 орынға есептелген, бұл кезектілікті қысқартады және балаларды оқыту мен дамыту үшін заманауи жағдайлар жасайды.Бүгінгі таңда жұмыстар 40 пайызға аяқталды. Нысанды тапсыру ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған»,- делінген хабарламада.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша барлығы қайтарылған активтер есебінен 33 жоба іске асырылуда.
Айта кетейік, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік жобаларды іске асыру мәселелері Бас Прокурордың жеке бақылауында.



