00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астаналық 5 паракаратэші әлем чемпионатында үздік атанды

12 қараша, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Астаналық 5 паракаратэші әлем чемпионатында үздік атанды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Үндістанның Гоа штатында өткен паракаратэден әлем чемпионатының жүлдегерлерін жанкүйерлер мен ата-аналары Астана әуежайында салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

XXIV әлем чемпионатында фунакоши каратэге (FSKA) Оңтүстік Африка, Италия, Португалия, Үндістан, Қазақстан, АҚШ, Ресей, Кения, Малайзия елдерінен интеллект, тірек-қимыл аппараты мен көру мүшелері зақымданған спортшылардан құралған 6 командадан барлығы 40 спортшы қатысты. Олардың қатарында Астана қаласының бес спортшысы бар. Олар: Ләззат Жүсіпова, Дидар Мұхамеджанов, Рустам Біләлов, Нұржайна Жаннетова және Рүстем Қожахметов.

Байрақты бәсекеде паракаратэнің ката бағдарламасы бойынша өнер көрсеткен елорданың 5 спортшысы жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақты. Паракаратэден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мейрамгүл Дукуева Үндістанда өнер көрсеткен шәкірттерімен әрдайым мақтанатынын айтты.

«Біз 2019 жылдан бастап паракаратэмен айналысып келеміз, сол кезден бері спортшыларымыз жарыстарда үздік нәтижелер көрсете бастады. Биылғы чемпионатқа қатысқан 40 спортшының барлығы жоғары деңгейде өнер көрсетті, біз спортшыларымызбен мақтанамыз», – деді Мейрамгүл Дукуева.

Осылайша, паракаратэ спортшылары осы жылды Үндістанның Гоа штатында өткен әлем чемпионатында үздік нәтижемен аяқтады.