Алатау қаласында төтенше жағдай режимі енгізіледі

Алматыдағы қоқыс полигонында шыққан ірі өртке байланысты Ашық НҚА порталында Алатау қаласы әкімінің «Жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы» шешімі жоба нұсқасы жарияланып, онлайн талқылауға ұсынылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының 33-бабы 1-тармағының 13-тармақшасына, «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңының 48-бабына, «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы» ҚР Төтенше жағдайлар министрі міндетін атқарушының 2023 жылғы 10 мамырдағы № 240 бұйрығымен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртке байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы жоба нұсқасы ұсынылды», - делінген құжатта.
Мақсат - қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртке байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай туралы халықты хабардар ету.
Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды.
Сондай-ақ оқиғаға қатысты Төтенше жағдайлар министрлігінде мәлімдеме жасалды.
«Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтің тапсырмасы бойынша кеше кешке өрт орнына Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев келді. Іс-қимылдарды үйлестіру оқиға орнында да, ТЖМ Командалық орталығынан да жүргізілуде. Полигонда өртті сөндіру жұмыстарын тәулік бойы жүзеге асыратын жедел штаб құрылды.
Өртті сөндірудің 6 учаскесі құрылды. Өрт орнында «Терең-Қара» өзенінен ашық су көзіне автомобиль-сорғы жеңін орнату арқылы магистральдық желі тартылып, суды үздіксіз жеткізу ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға 6 бірлік техника: бір автомобиль-сорғы жеңі және 5 автоцистерна жұмылдырылды.
Өртті сөндіруге 11 өрт оқпаны және 1 тасымалды лафетті оқпан берілді», - делінген хабарламада.
ТЖМ мәліметінше, өртті сөндіру өрт жүктемесімен, 10 метр тереңдіктегі бықсумен және жел бағытының өзгеруімен күрделеніп жатыр.
Осыған орай өртті сөндіруге Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ ҚР ТЖМ Мартбек Мамраев атындағы 52859 және Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері қосымша жұмылдырылды.
Барлығы 200-ден астам жеке құрам мен 90-нан астам техника өрт сөндіру жұмысына атсалысып жатыр.
«Өртті сөндіру бойынша барлық қажетті шаралар ТЖМ күшімен тәулік бойы орындалып отыр. Күндіз-түні құтқарушылар ошақтарды инертті материалдармен толтырып, топырақты тығыздау жұмыстарын жасап жатыр. Бұл әдіс оттың бықсуын оттегінің қолжетімділігін толығымен жауып, өрттің түпкілікті жойылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - делінген мәліметте.



