Елордада 20 адам танымал кафеден тамақ ішіп, уланып қалды: полиция тергеуді бастады

17 сәуір, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордада 20 адам танымал кафеден тамақ ішіп, уланып қалды: полиция тергеуді бастады
фото: Оңалхан Өнерхан

Астаналықтар танымал «Көктем» кафесінде тамақтанғаннан кейін жағдайларының нашарлағаны туралы Threads әлеуметтік желісінде жазып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Көктем» кафесі, сіздердің котлеттеріңізде не бар? Жұбайымның екі күн бойы температурасы 39,8-ге дейін көтерілді. Жұқпалы аурулар ауруханасына барғанда «Көктем» кафесінде котлет пен пюре жегенін айтты.  Сол кезде дәрігер былай деді: «Көктем» кафесінен котлет пен пюре жеген үш адам келді», - деп жазды ол.

Бұл жазбаға өзге де желі қолданушылары пікір қалдырды. Кейбіреуілері осы тағамды жеген соң жағдайы нашарлағанын айтып шағымданған.  Мұндай пікір 2GIS қосымшасында да жазылған. 

Осы жағдайға қатысты Elordainfo.kz тілшісі Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен байланысқа шықты. Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде «Көктем» кафесінде улану бойынша дәрігерге 16 адам жүгінген. Оның ішінде 6 бала бар. 

«Көктем» кафесінде улану бойынша Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық инфекциялық орталық» ШЖҚ МКК қабылдау бөлмесіне жіті гастроэнтеритпен 10 пациент түсті. Қажетті тексеру және медициналық көмек көрсету үшін 9 пациент ауруханаға жатқызылды. Тағы 1 науқас ауруханаға жатқызудан бас тартты және амбулаториялық емдеу бойынша тиісті ұсыныстармен босатылды. Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігінің «№3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК бөлімшесіне жіті ішек инфекциясының белгілері бар 6 пациент түсті. Бүгінгі таңда барлық ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесі ретінде бағаланады. Пациенттер бақылауда, қажетті ем алады»,- деп жазылған басқарма хабарламасында. 

Астана қаласының санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаменті осы оқиғаға байланысты тергеу басталғанын айтты. 

«Астана қаласының аумағында 16 сәуірде елордалық кафелердің бірінде қоғамдық тамақтандыру өнімдерін тұтынумен байланысты ішек инфекциясын тудыру жағдайы тіркелді. Бүгінгі таңда зардап шеккендердің саны 20 адамды құрады, оның ішінде 11 бала. Аталған факт бойынша 16 сәуірде қоғамдық тамақтану объектісіне қатысты тергеу басталды. Зертханалық зерттеулерге тамақ өнімдері, сыртқы ортаның шайындылары іріктеліп алынды, персонал зерттелді. Тергеу және эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда. Сондай-ақ, полиция басқармасы жаппай улану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады»,- деп жауап берді департамент басшысының орынбасары Жанна Пралиева.