Атыраулықтар қаңғыбас иттердің көбейіп кеткеніне алаңдап отыр
Атырау көшелерінде соңғы уақытта бұралқы иттер көбейіп кеткен, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақ Жайыққа сілтеме жасап.
Қала тұрғындары көбейіп бара жатқан қаңғыбас иттерден қауіптенетіндерін айтуда. Жануарлар мектепке бара жатқан балалардың, тіпті ерексектердің де соңынан еріп, зәрелерін ұшыратын көрінеді. Мәселен, Атырау қаласындағы «Жұлдыз-2» шағын ауданы тұрғындарының бірі бұл жағдай бірнеше рет орын алып отырғанын атап өтіп, балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып отыр.
Ал Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша, қазіргі уақытта облыста иесіз иттерді аулау жұмыстары тоқтап тұр. Ит аулаушы мекемелерді анықтау үшін қаражат бөлініп, тендер жарияланған. Жұмыстардың басталуы жеңімпаз мекеме анықталған соң жүзеге аспақ.
Мемлекеттік сатып алу порталынан алынған деректерге сәйкес, биыл Атырау облысында иесіз жануарларды аулау және ұстауға 71 миллионнан астам қаржы бөлінген. Бұл қаржы төмендегідей жұмсалмақ:
Исатай ауданы: 2 млн 656 мың теңге
Махамбет ауданы: 2 млн 943 мың теңге
Қызылқоға ауданы: 3 млн 087 мың теңге
Мақат ауданы: 3 млн 015 мың теңге
Индер ауданы: 3 млн 302 мың теңге
Құрманғазы ауданы: 5 млн 600 мың теңге
Жылыой ауданы: 8 млн 616 мың теңге
Атырау қаласы: 42 млн 579 мың теңге