00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Арнұр Ысқақов: «Қанаттылар» театрының мақсаты – әр адамға мотивация беру

Арнұр Ысқақов: «Қанаттылар» театрының мақсаты – әр адамға мотивация беру
Фото: Театрдың мұрағатынан

Астаналық «Қанаттылар» инклюзивті театры 2021 жылы құрылған. Мақсаты – мүгедектігі бар жандардың дарынын танып, өнер әлемінде шығармашылық әлеуетін дәріптеу. Театр негізін қалаушы – Арнұр Ысқақов. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысын арттырып, мүмкіндіктердің шексіз екенін дәлелдеп келеді.

Бұл театр Астанадағы «Жастар» театрының жанынан ашылған. Оның құрылу тарихы туралы Арнұр Ысқақов айтып берді.

«Театрымыз 2021 жылы қаңтар айында ресми түрде тіркелді. Оны ашу тұжырымдамасы 2018 жылы қолға алынды. Сол жылы қала күніне орай инклюзивті театрлардың халықаралық фестивалі өткен еді. Оған Ресей мен Украинадан театр ұжымдары келді. Содан кейін неге инклюзивті театр ашпасқа деген ой келді. Себебі бізде ел деңгейінде ерекше жандар театры жоқ», - деді театр негізін қалаушы.

Бүгінгі таңда мұнда 37 адам жұмыс істейді. Олардың 27-сі – ерекше жандар. Ал қалғандары кәсіби актерлер.

«Қанаттылар» театры жақында Семей өңіріне гастрольдік сапармен барып қайтты. Ерекше театр қалың көрерменге «Екі тағдыр – бір өмір» қойылымын ұсынды. Спектакль өмірін өнермен байлап, тағдырдың басқа салған тауқыметіне сынбай, төтеп берген Арнұр Қайнарбекұлының өмірінен алынған. Бұл – автобиографиялық драма.

«Біздің негізгі бағытымыз – әр адамға мотивация беру, ой салу, көрермен әр қойылымнан сабақ алып шығу. Қойылымды көрген әр көрермен алған әсерімен бөлісіп, тілектерін білдіріп, ерекше жандардың өмірге деген құлшынысын оятады. Біздің Семей өңіріне келуіміздің себебі де бар. Мұнда еліміз бойынша ең көп ерекше жандар өмір сүреді. Алдағы уақытта бұл аймақта да ерекше жандар театры ашылса деген ниетіміз бар», - деді Арнұр Ысқақов.

Бүгінде театрда қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Себебі қазан айында олар елорда тұрғындары мен қонақтары назарына 20 қазан күні «Күле аласыз ба?» қойылымын ұсынады.  

«Музыкалық комедияның авторы – Қанат Жүнісов. Мұнда ерекше жандардың жан айқайы суреттелген. Қоғамның кейбір мәселелері астарлы әзіл арқылы жеткізуге тырыстық. Әуезді әнмен өрілген комедия адалдық, мейірімділік, жауапкершілік, ұлтжандылық сезімдерін  оятуды көздейді», - деді Арнұр Қайнарбекұлы.

Арнұр Ысқақовтың айтуынша, театр биыл жыл соңына қарай мемлекеттік мекеме болып құрылғалы жатыр.