Елордада қазақ және әлем халықтарының билері сахналанды

Елордада қазақ және әлем халықтарының билері сахналанды
Фото: «Қазақконцерт» ұйымынан

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында талантты биші, «Гүлдер» ансамблінің әртісі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Іңкәр Айдарханқызының жеке концерті өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Концерттік бағдарламада қазақ ұлттық және әлем халықтарының билері, заманауи хореографиялық шығармалар, сондай-ақ Қазақстанның жетекші хореографтарымен бірлесе әзірленген эксклюзивті және жаңа қойылымдар ұсынылды. Атап айтқанда, «Тоқымқағар», «Желдірме», «Былқылдақ», «Ақ жауын», «Алтынай», «Тибет биі» және т.б. билер орындалды.

Іс-шараға Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият және Әлібек Әлмәдиев, Мәдениет саласының үздігі Бауыржан Бекмұханбет, Temirlan&Yernat дуэті, танымал қазақстандық қобызшы Олжас Құрманбек, халықаралық байқаулардың лауреаты Меруерт Тұрсынбек, талантты музыкант Нұрмұхаммед Cәтен және Gulder ансамблі қатысты. 

Іңкәр Айдарханқызы – кәсіби биші, аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблінің әртісі. Еліміздің ең үздік хореографиялық мектебін тәмамдап, Римдегі Ұлттық би академиясында тағылымдамадан өтті. Жас биші бүгінде «Гүлдер» ансамблі балет труппасының көшбасшысы ретінде өзін жақсы қырынан танытып келеді.