Салық берешегі туындаған күннен бастап үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген және оның мөлшері 27 000 АЕК-тен асқан жағдайда Қазақстаннан шығуға рұқсат етілмейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
1 қаңтардан бастап салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері өзгертілді.
Бұрын тәуекелдерді басқару жүйесін ескере отырып, берешек мөлшері 1 теңгеден басталған жағдайда өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін болса, енді сараланған тәсіл енгізілді.
Берешек мөлшері 20 АЕК-тен аз болған жағдайда салық төлеушіге берешектің бар екендігі туралы хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Өзге өндіріп алу шаралары қолданылмайды.
Ал берешек мөлшері 20 АЕК-тен 45 АЕК-ке дейін болған жағдайда берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіледі, банк шоттары мен касса бойынша шығыс операциялары тоқтатыла тұрады, сондай-ақ инкассалық өкімдер шығарылады.
Бұл мөлшер 45 АЕК-тен асқан жағдайда мүлікті тізімдеу және өткізу, сондай-ақ дебиторлар есебінен өндіріп алуды қоса алғанда, заңнамада көзделген барлық өндіріп алу шаралары қолданылады.
«Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Салық кодексіне қосымша шара – Қазақстаннан шығуды уақытша шектеу енгізілді. Бұл норманы іс жүзінде қолдану биыл 1 қазаннан басталды. Бұл шара салық берешегі 27 000 АЕК-тен асқан және туындаған күннен бастап үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген жағдайда қолданылуы мүмкін», – деп жазылған хабарламада.
Шектеу дара кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдарға, сондай-ақ заңды тұлғалардың бірінші басшыларына немесе олардың міндеттерін атқаратын адамдарға қатысты қолданылады.