Референдум-2026

Шардара су қоймасында су есебін автоматтандыру жұмыстары аяқталды

Бүгін, 15:08
Думан Аманжол Думан Аманжол
Шардара су қоймасында су есебін автоматтандыру жұмыстары аяқталды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі Еуразиялық даму банкімен (ЕАДБ) және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, Шардара су қоймасындағы су есебін автоматтандыру жобасын жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба аясында деректерді онлайн режимде беретін 8 гидротехникалық нысанға су деңгейі мен су шығынын өлшейтін 11 датчик орнату көзделген. Бұл суды дәлірек есепке алуға және қолмен өлшеу қажеттілігін жоюға мүмкіндік береді.

Бүгінде монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Шардара көпіріне үш су есептеу құралы, «Шардара-Жетісай» көпіріне екі құралдан орнатылды. Сонымен қатар Шардара магистральдық каналына, «Тәуелсіздіктің 20 жылы» каналына, Арыс өзеніндегі гидробекетке, Қызылқұм каналындағы көпірге, сондай-ақ Көксарай контрреттегішінің су жеткізетін және су бұратын каналдарындағы көпірлерге бір-бірден құрал орнатылды.

«Шардара су қоймасындағы су есебін автоматтандыру ЕАДБ гранттық қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастаманы іске асыру су ресурстарын ашық әрі тиімді басқаруға берік технологиялық негіз қалыптастырып, төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін азайтады және еліміздің су шаруашылығы кешенін сапалы жаңа деңгейге көтереді», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.

Еске салсақ, Түркістан облысында жаңартылған магистральдық су құбырымен 66 елді мекенге сапалы ауызсу жеткізілетінін жаздық.