Михаил Шайдоров пен Надежда Морозоваға қомақты сыйақы төленді
ҚР Үкіметі 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпия ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров (мәнерлеп сырғанау) пен үздік алтылыққа енген Надежда Морозоваға (конькимен жүгіру) ақшалай сыйақы беру туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Қаулыға сәйкес, Үкімет резервінен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына төлемдер бөлінді. Жалпы алғанда, 2 спортшы мен 5 жаттықтырушы ақшалай сыйақы алды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Михаил Шайдоровқа 250 мың доллар, Надежда Морозоваға 5 000 доллар мөлшерінде ақшалай сыйақы қарастырылған.
Ақшалай сыйақы жүлдегер спортшылардың алғашқы, жеке және бас жаттықтырушыларына төленді.
Сонымен қатар Олимпиада жүлдегерлеріне жергілікті атқарушы органдар тарапынан қосымша қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әкімдіктер спортшыларға жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер береді.