Мейрамхана маңында отшашу атқан астаналық 5 тәулікке қамалды
Астанада полиция қызметкерлері тұрғын үйлердің маңында пиротехникалық бұйымдарды қолдануға байланысты қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерін анықтауды жалғастыруда, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Осындай оқиғалардың бірі тұрғын үй кешендерінің жанында орналасқан мейрамхананың маңында болды.
Анықталғандай, 32 жастағы ер адам салтанатты іс-шараның аяқталуын атап өту үшін отшашу ұйымдастырған. Алайда мерекелік фейерверк жақын маңдағы тұрғындардың тыныштығын бұзған.
«Құқық бұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот шешімімен оған 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Астана қаласының Полиция департаменті қоғамдық орындарда пиротехникалық бұйымдарды белгіленген талаптарды бұза отырып қолдану азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, тұрғындардың тыныштығын бұзуы мүмкін екенін ескертеді. Мереке қоғамдық тәртіпті бұзуға себеп болмауы тиіс.
Еске сала кетейік, биыл елордада мас күйде көлік жүргізген мыңға жуық жүргізуші жауапқа тартылды.