Қазақстандық бал, өсімдік майы, ұн және басқа да азық-түлік өнімдерін Италияның сауда желілеріне жеткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл мәселе Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Италияға жұмыс сапары барысында талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар аясында Арман Шаққалиев Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық пен алмасу жөніндегі қазақстандық-италиялық үкіметаралық жұмыс тобының 10-отырысына қатысты. Италиялық делегацияны елдің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Эдмондо Чириелли басқарды.
Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Министрлік мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы шамамен 16,9 млрд долларды құрады. Ал 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында бұл көрсеткіш 9,79 млрд долларға жетті. Оның ішінде Қазақстан экспорты шамамен 9 млрд доллар, Италиядан импорт 789,6 млн доллар болды. Италиялық тауарлардың Қазақстанға жеткізілімі 13,5 пайызға артқан.
Қазақстан тарапының бағалауынша, отандық өнімнің Италия нарығына қосымша экспорттық әлеуеті 307,5 млн долларды құрайды. Әсіресе металлургия, мұнай-химия, тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау салаларында мүмкіндік мол.
Қазақстандық өнім Италия дүкендеріне шығуы мүмкін
Арман Шаққалиевтің Crai Mediterranea компаниясымен кездесуінде қазақстандық азық-түлікті Италияның бөлшек сауда желілеріне тікелей жеткізу мәселесі қаралды.
Атап айтқанда, өсімдік майлары, бал, кондитерлік өнімдер, дәнді дақылдар, ұн, бұршақ тұқымдастар және органикалық тауарларды экспорттау мүмкіндігі талқыланды.
Алғашқы кезеңде Италияның жекелеген дүкендерінде қазақстандық өнімдерге арналған сынақ сөрелерін ашу, кейін жеткізілімді Gruppo CRAI сауда желісі арқылы кеңейту ұсынылды. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындардың италиялық компанияның сауда белгілерімен өнім шығару мүмкіндігі қарастырылды.
ASSOEBIOS ұйымымен келіссөз барысында қазақстандық ауыл шаруашылығы шикізатын биоэнергетика саласында пайдалану мәселесі қозғалды. Италиялық тарап күнбағыс, рапс және олардан өндірілетін өнімдерді, соның ішінде өсімдік майларын сатып алуға қызығушылық танытты.
Орта дәліз және инвестициялық жобалар
Кездесулерде Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамытуға да назар аударылды. Қазақстан италиялық теміржол және логистикалық компанияларды Ақтау мен Құрық порттарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бірлескен жобаларға қатысуға шақырды.
Blacktrace және Value Partners компанияларының өкілдерімен Қазақстандағы инвестициялық жобаларға шетелдік инвесторлар мен технологиялық серіктестерді тарту мүмкіндіктері талқыланды.
Басым бағыттардың қатарында сирек жер металдары мен стратегиялық маңызы бар шикізатты терең өңдеу, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, су үнемдеу технологиялары, деректерді өңдеу орталықтары және жасанды интеллект инфрақұрылымы бар.
Қазақстан тарапы бірлескен өндірістерді дамытуға, технологияларды ел ішінде игеруге, отандық кәсіпорындардың қатысуын арттыруға және мамандар даярлауға мүдделі екенін жеткізді. Алдағы уақытта бірнеше пилоттық жобаны анықтап, оларды жүзеге асыру тетіктерін пысықтау ұсынылды.
Астана мен Алматыда жаңа технологиялар сыналуы мүмкін
CoolXp компаниясымен келіссөзде Қазақстанды компанияның Орталық Азия нарығына шығуына арналған алғашқы сынақ алаңы ретінде пайдалану мүмкіндігі қаралды.
Бастапқы кезеңде компания жабдықтарын Астана мен Алматыда сынақтан өткізу ұсынылды. Жоба қажетті ауқымға жеткен жағдайда сервистік қызметті, шығыс материалдары мен жекелеген бөлшектер өндірісін Қазақстанда кезең-кезеңімен жолға қою мүмкіндігі қарастырылмақ.
Бұдан бөлек, тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалану, агроөнеркәсіп, энергетика, экология, су ресурстарын басқару, туризм, мәдениет және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Кездесулер қорытындысында тараптар нақты жобалар мен әлеуетті серіктестерді айқындап, компаниялар арасындағы тікелей келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты. Сауда және интеграция министрлігі QazTrade-пен бірлесіп, бастамаларды одан әрі пысықтауға жәрдемдеспек.