Елімізде білім беру стандарттары қайта қаралмақ
Оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламаларының мазмұнын күшейтуге және оқу қорын жаңартуға бет бұрғалы отыр. Бұл туралы Үкіметтің отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«13 наурызда өткен Digital Qazaqstan жобасы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысына егжей-тегжейлі баяндалғандай IT саласын және цифрлық құзыреттерді дамытуға ерекше назар аударылады. Бұл өскелең ұрпақтың бойында қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауды қамтамасыз етуге және қарқынды технологиялық даму жағдайында елдің әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, білім берудің бастауыш буынын нығайтуға басты назар аударылмақ. Өйткені дәл осы кезеңде баланың одан әрі білім беру траекториясын қалыптастыратын базалық білім, дағдылар мен құндылықтардың іргетасы қаланады. Оқу бағдарламаларының мазмұны ғана емес, оқулықтардың сапасы да жыл сайын қайта қаралады.
Сондай-ақ 1-сынып оқушысы негізгі пәндердің жұмыс дәптерімен қамтамасыз етіледі. 5-тен 9-сыныпқа дейінгі кезеңде еңбек нарығындағы өзгерістерге және экономиканың адами капиталды дамытуға бағдарлануы маңызды факторға айналады. Бұл процестер білім беру стандарттарын іргелі ғылымдарды терең зерттеуге баса назар аудара отырып қайта қарауға алғышарт тудырады.
Сонымен қатар «Қазақстан географиясы» пәні 8-9 сыныптарда аптасына екі сағат қайта оқытыла бастайды. Оқу бағдарламалары іргелі білімді дәйекті түрде бекітуге бағытталады. Орта мектепте барлық негізгі пәндерді міндетті түрде оқу заңмен бекітіледі.