Астанада түнгі тыныштықты бұзғандар жауапқа тартылды
Елордада жыл басынан бері азаматтардың тыныштығын бұзу фактілері бойынша 23 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.
Кезекті рейдтік іс-шара барысында «102» нөмірінен қала тұрғындарының бірі Түркістан көшесіндегі тұрғын үйдің ауласында белгісіз азаматтардың қатты шулап, қоғамдық тыныштықты бұзып жатқаны туралы хабарлама түсірген.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері аталған деректің расталғанын анықтады. Тексеру барысында көлік ішінде алкогольдік ішімдік ішіп, айналадағы тұрғындардың мазасын алған 45 жастағы азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция қоғамдық орындар мен тұрғын үй аулаларында тәртіп сақтау әрбір азаматтың міндеті екенін еске салды. Әсіресе, кешкі, түнгі уақытта музыканы қатты қою, айқайлау немесе өзге де әрекеттер арқылы тұрғындардың тыныштығын бұзу заңмен жауапкершілікке әкеп соғады. Осы орайда құқық қорғау өкілдері тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, өзара сыйластық танытуға және айналадағы азаматтардың тыныштығына құрметпен қарауға шақырады.