Астанада өткен халықаралық агроөнеркәсіптік көрмеге 10 мыңнан астам фермер келді

Астанада өткен халықаралық агроөнеркәсіптік көрмеге 10 мыңнан астам фермер келді
Фото: АШМ

Астанада ExpoGroup компаниясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және Астана қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған KazAgroFarm-2026 халықаралық агроөнеркәсіптік көрмесі аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл 21-23 қазан аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында өткен ауқымды салалық шараға әлемнің 25 елінен 350-ден астам компания қатысып, ауыл шаруашылығына арналған заманауи технологияларды, жабдықтар мен шешімдерді ұсынды.

Үш күн ішінде көрмеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 мыңнан астам фермер, Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдар мен іскерлік орта өкілдері қатысты. KazAgroFarm-2026 жұмысына шетелдік жоғары лауазымды қонақтар да қатысты. Олардың қатарында Ливияның Ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы министрі Абдул Латиф әл-Тахер, Иранның ауыл шаруашылығы вице-министрі Голам Голмохаммади, Чехияның ауыл шаруашылығы вице-министрі Ярослава Шпалкова және Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хайке Ренате Пайч болды. Көрме халықаралық агробизнес өкілдерін, қазақстандық өндірушілер мен фермерлік шаруашылықтарды бір алаңға тоғыстырды.

Экспозиция агроөнеркәсіптік кешеннің екі негізгі бағытын қамтыды. KazAgro бөлімінде өсімдік шаруашылығына арналған технологиялар мен жабдықтар - тұқым, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарынан бастап, ауыл шаруашылығы техникасына, өнім жинау, сақтау және өңдеу шешімдеріне дейін ұсынылды. Ал KazFarm бағыты мал шаруашылығына арналды. Мұнда генетика, асыл тұқымды мал өсіру, азықтандыру, ветеринария, сүт және ет өнімдерін өндіру мен өңдеу салаларындағы шешімдер көрсетілді.

Компаниялар заманауи техника үлгілерін, жабдықтар мен өздерінің технологиялық әзірлемелерін таныстырды.

Бағдарламаның басты оқиғаларының бірі - қазақтың Ақбас сиыр тұқымының 75 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шара болды. Ол асыл тұқымды мал шаруашылығы мамандарын, фермерлерді, ғалымдар мен сала өкілдерін жинап, отандық етті мал шаруашылығын дамыту және тұқымның генетикалық әлеуетін сақтау мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Қазақстандық фермерлер үшін KazAgroFarm-2026 үш күн ішінде әлемнің жетекші өндірушілерінің шешімдерімен танысуға, мамандардан кеңес алуға, технологиялар мен жабдықтарды салыстыруға, жеткізушілермен тікелей байланыс орнатуға және жаңа іскерлік серіктестер табуға мүмкіндік берді.

Еске сала кетсек, Ашхабадта қазақтың тұрмыс-тіршілігін таныстыратын фотокөрме өтіп жатыр.