Референдум-2026

Астанада интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша профилактикалық акция өтті

5 тамыз, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша профилактикалық акция өтті
Фото: видеодан скрин/police_astana

Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері LRT станцияларының бірінде азаматтардың интернет-алаяқтықтың заманауи түрлері және цифрлық қауіпсіздікті сақтау шаралары туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған профилактикалық акция өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара барысында станция жолаушылары мен келушілері арасында блиц-сауалнама ұйымдастырылып, тұрғындардың интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері туралы ақпараттану деңгейі бағаланды.

Полиция қызметкерлері азаматтардан күмәнді телефон қоңырауларына, фишингтік сілтемелерге, банктердің атынан келетін жалған хабарламаларға, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі алаяқтық әрекеттерге тап болған-болмағанын сұрады.

Акцияның басты ерекшеліктерінің бірі ретінде көпшіліктің назарын робот-ит аударды. Жоғары технологиялық құрылғы жолаушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, интерактивті атмосфера қалыптастырып, полиция қызметкерлері мен тұрғындар арасындағы ашық қарым-қатынасқа ықпал етті. Көптеген азамат роботпен естелікке суретке түсіп, блиц-сауалнамаға белсенді қатысты.

Заманауи технологияларды пайдалану профилактикалық іс-шараны әсіресе жастар мен балалар үшін қолжетімді, есте қаларлық әрі тиімді өткізуге мүмкіндік берді.

Еске сала кетейік, Астанада полиция жыл басынан бері омниканалды жүйе арқылы 30 мыңнан астам өтініш қабылдады.