Астанада денсаулық сақтау басқармасына қарасты ұйымдарда 14 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді
Астананың қарқынды дамуымен денсаулық сақтау жүйесі де жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 30 медициналық ұйым мен елордалықтардың денсаулығын қорғау жолында 14 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әрбір құтқарылған өмірдің артында кәсібіне адал дәрігерлердің, мейіргерлердің тынымсыз еңбегі жатыр. Бүгінде елордада жасанды интеллект негізіндегі PACS жүйесі, онкологиялық ауруларды ерте анықтау технологиялары мен инсульт диагностикасына арналған Cerebra жүйесі енгізілген
Қалада әрқайсысы 250 орындық екі жаңа перинаталдық орталық пен 300 орындық көпсалалы аурухана салынып жатыр. Нұрлы Жол ауданында жаңа емхана мен балаларға арналған травматологиялық пункт ашылды. Алдағы бес жылда тағы 13 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі», делінген хабарламада.
Медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, жедел жәрдем қызметі 47 жаңа санитарлық автокөлікпен толықты.
«Алайда денсаулық сақтау саласының ең үлкен байлығы – адам. Ешбір технология дәрігердің жүрегін, мейірбикенің қамқорлығын және ақ халатты абзал жандардың жанкешті еңбегін алмастыра алмайды», делінген хабарламада.