Абай облысында санитарлар ерекше күтімді қажет ететін балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен

Бүгін, 17:24
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Абай облысында санитарлар ерекше күтімді қажет ететін балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен
Фото: Magnific.соm

Аягөз ауданының Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын тексеру барысында санитарлар тарапынан тәрбиеленушілердің дәрменсіз күйін пайдаланып, оларға жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткен 100-ден астам факті анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Абай облысы прокуратурасына сілтеме жасап. 

Бұдан бөлек, заңсыз әрекеттер көз алдында жасалған, бірақ олардың жолын кесуге ешқандай шара қолданбаған мекеменің кейбір қызметкерлерінің әрекетсіздігі әшкереленді.
 
Аталған факті бойынша прокуратура Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
 
Тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қатысы бар кінәлі тұлғалар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетіліп, балалармен қарым-қатынас жасауы шектелді.

«Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету прокуратура органдары қызметінің басым бағыттары болып қала береді. Тексеру шаралары жалғасуда», - делінген хабарламада.