Жасөспірімдер елордада Триатлон паркіндегі нысанға қасақана өрт қойған
Елордадағы Триатлон паркінде, Арқар көпірінің астындағы спортпен айналысу орнын өртеген жасөспірімдерді полиция анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы ПД сілтеме жасап.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері шұғыл әрекет етіп, өрт сөндіру қызметкерлері келгенге дейін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Кәмелетке толмағандардың жеке басы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді.
«Таңғы уақытта төрт кәмелетке толмаған жасөспірім ересектердің қарауынсыз елордадағы саябақтардың бірінің аумағында болып, жасанды көгалға қасақана өрт қойған. Өрт дер кезінде оқшауланып, сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ», - делінген ПД хабарламасында.
Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмағандардың ата-аналары баласын тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісінше орындамағаны үшін заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Полиция департаменті ата-аналарға балалардың қайда жүргенін және бос уақытын қалай өткізетінін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін еске салады.