«Заң мен тәртіп»: елордалық прокуратура оқушыларға профилактикалық дәріс өткізді
Астана қаласының №99 орта мектебінде прокуратура қызметкерлері кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және жасөспірімдер қылмысының алдын алуға бағытталған профилактикалық дәріс өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесу барысында оқушыларға қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау қағидалары, қолданыстағы заңнама нормалары, сондай-ақ жастар арасында кең таралған құқық бұзушылықтар, оның ішінде алаяқтық, дропперлік, есірткі қылмыстары және өзге де құқыққа қарсы әрекеттер үшін көзделген заңды жауапкершілік түрлері түсіндірілді.
Заңға бағынушылық мінез-құлықты қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру және жасөспірімдерді қылмыстық схемаларға тартуға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара қатысушылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, прокуратура қызметкерлерінен толыққанды түсіндірмелер алды.
Профилактикалық жұмыспен 9-11 сыныптардың 100-ден астам оқушысы қамтылды.
Астана қаласының прокуратурасы мұндай іс-шараларды өткізу кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, заңға құрмет қалыптастыру және жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі болып табылатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, астаналық зейнеткерлерге интернет-алаяқтардан қорғану жолдары түсіндірілді.