Жамбыл облысының тұрғыны қасақана өрт қойғаны үшін сотталды
Талас аудандық соты өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша азамат М.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жамбыл облысының Талас аудандық сотына сілтеме жасап.
Сот 2026 жылдың сәуір айында сотталушы М. өзінің танысымен бірге «Көшек батыр» ауылындағы азық-түлік дүкенінің жанында ішімдік ішкенін анықтады. Осы кезде жәбірленушінің кәмелетке толмаған ұлы оларды мазақтаған. Ашуланған сотталушы балаға ұрыса бастаған. Бұл сәтте баланың әкесі келіп, екеуінің арасында жанжал туындаған. Жанжал барысында М. жәбірленушіге «Мен сенің үйіңді өртеп жіберемін» - деп қорқытқан.
Сол күні М. А.-ның үйіне келіп, қорада жиналған 800 түп шөпке жанар-жағармай құйып, оттықпен өрт қойған. Нәтижесінде жәбірленушіге 1,4 млн теңге сомасында материалдық шығын келтірілген.
Кінә тараптардың, куәлердің айғақтарымен және сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді.
Сотталушы кінәсін толығымен мойындап, соттан оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші сотталушыны кешіріп, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот кінәні толық мойындауды, соттылықтың болмауын және келтірілген залалды ерікті түрде өтеуді жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
Ал масаң күйінде қылмыс жасауын ауырлататын мән-жай деп таныды.
Сот үкімімен М. ҚК 202-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында оқушыны суицидке жеткізгендерге үкім шыққан болатын.