Тазару күні: астаналықтар тазалық акциясына белсенді қатысты

Бүгін, 14:08
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тазару күні: астаналықтар тазалық акциясына белсенді қатысты
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Наурызнама онкүндігінің соңғы күні – 23 наурыз Тазару күні ретінде аталып өтеді. Осы күнге орай Алаш тасжолы бойындағы Keryen Joly сауда орталығының ашық алаңында ондаған қала тұрғынына арнап маңызды іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мерекелік іс-шараны «Байқоңыр» ауданының әкімдігі ұйымдастырды.

Алаш тасжолы бойындағы алаңның таңдалуының да өз мәні бар, бұл мерекенің әрбір жаяу жүргінші мен жүргізушіге ашық әрі қолжетімді екенін білдіреді.

«Тазару күні – тек бір реттік тазалық акциясы емес. Бұл «тазалық әр адамнан басталады» қағидатын өмір салтына айналдыруға бағытталған маңызды қоғамдық бастама. Қазіргі цифрлық дәуірде ортақ құндылықтар төңірегінде бірігу мен тікелей қарым-қатынас бұрынғыдан да маңызды», – деді «Байқоңыр» ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Батырбек Нұрислам.

Іс-шараға сауда орталығы мен жастар ұйымдары тарапынан шамамен 40 адам қатысып, қонақтарға тәтті-дәмді ұсынып, нағыз қазақы қонақжайлықтың атмосферасын қалыптастырды. Бұл Наурыздың басты құндылықтары – бірлік пен ортақ еңбектің айқын көрінісіне айналды.

Қонақтарға тек ойын-сауық емес, өз қаласын көркейту ісіне үлес қосу мүмкіндігі де ұсынылды. Қолдарына күрек, қап пен қолғап алған қатысушылар айналаны қоқыстан тазартты.

«Өзіңнен баста» қағидасы мерекенің басты ұранына айналды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын елордада студенттер де сенбілік өткізді.