Референдум-2026

ШҚО-да денесін көлік терезесінен шығарған жолаушы жауапқа тартылды

Бүгін, 13:34
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ШҚО-да денесін көлік терезесінен шығарған жолаушы жауапқа тартылды
Фото: видеодан скриншот/Polisia.kz

Әлеуметтік желілерде тараған жол жүру қағидаларын өрескел бұзу фактісі Шығыс Қазақстан облысы полициясының назарынан тыс қалған жоқ, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Бейнежазбада жеңіл автокөлік қозғалыс кезінде жолаушы қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, денесін көліктің терезесінен сыртқа шығарып отырғаны көрінеді. Бұл әрекет өзінің ғана емес, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.

«Тексеру барысында полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушыларды жедел анықтады. Chevrolet Cobalt автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін жазаланды.
Сондай-ақ қозғалыс кезінде қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушы да заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.

Полиция жол қозғалысы қағидаларын сақтау – әрбір жүргізуші мен жолаушының міндеті екенін еске салады. Әсерлі бейне немесе фото түсіруге деген ұмтылыс қауіпті әрекеттерге себеп болмауы тиіс. Себебі бір ғана жауапсыз қадам қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін.