Сөмкесіне патрон салып алып жүрген елордалық жігіт сотталып кете жаздады

Бүгін, 13:18
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Сөмкесіне патрон салып алып жүрген елордалық жігіт сотталып кете жаздады
Фото: magnific.com

Бас прокуратура сөмкесіне заңсыз оқ-дәрі салып жүргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған елордадалық жігітке қатысты істі тоқтатқан кассациялық соттың ұстаныммен келісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қадағалау органына сілтеме жасап. 

Шығармашылық саламен айналысатын 22 жастағы жас жігіт салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жүйесі ғимаратының жанынан бір патрон тауып алып, оны сөмкесіне салып қойған.

Ол бұл затты түсірілімге арналған реквизит ретінде пайдаланбақшы болған, алайда кейін оны ұмытып кеткен.

Бір жылдан кейін жігіт Алматыға ұшу үшін әуежайға келген. Тексеру кезінде патрон оның сөмкесінің қалтасынан табылған.

Сот оны оқ-дәріні заңсыз иемденгені, сақтағаны және тасымалдағаны үшін 1 жылға бас бостандығын шектеуге соттаған.

Іс бойынша жас жігіттің патронды мақсаты бойынша пайдаланбақ болғаны не оны басқа адамдарға бермек болғаны немесе өткізбекші болғаны анықталмаған. Одан қару табылмаған, ешқандай зиянды салдар туындамаған.

ҚК-нің 10-бабына сәйкес формалды түрде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар, бірақ маңызы жағынан болмашы, қоғамға қауіп төндірмейтін әрекет қылмыстық құқықбұзушылық болып танылмайды.

Кассациялық сот әрекеттің қоғамға елеулі қауіп төндірмегендіктен, істі қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты.

Сот ешкімге зиян келмегенін, бір ғана патрон табылғанын және оны қылмыстық мақсатта пайдаланбақ болғаны дәлелденбегенін ескерді.

Бас прокуратура кассациялық соттың ұстанымымен келісті.