Сиыр еті, күнбағыс майы және жұмыртқаның нарықтағы бағасы белгіленді - Ернұр Жәутікбаев
Ішкі нарықтағы бағаны белгілеу бойынша отандық бизнес субъектілерімен меморандумдар жасалды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Ет саласында сиыр етінің босату бағасы бір келісі үшін 3 275 теңге деңгейінде белгіленді. Күнбағыс майы бойынша бағаның шекті деңгейі бір литр үшін 780 теңгеге дейін, жұмыртқа бір данасы үшін 55 теңгеден аспайтын мөлшерде белгіленді», – деді спикер.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қызанақ бағасын тұрақтандыру үшін өнеркәсіптік және фермерлік жылыжай шаруашылықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасу қолға алынған, сондай-ақ ірі тұз өндірушімен келісім жасасу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.