Сауран қалашығында реставрация жұмыстары басталды
Түркістан облысының Сауран ауданындағы Сауран қалашығында ғылыми-реставрациялық жұмыстар басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
«Қазқайтажаңарту» РМК мамандары ханака мен медресені қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Жұмыс барысында ғимарат қабырғасының беткі қабатындағы зақымданған кірпіштерді ауыстыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ тарихи нысандарды қоршап тұрған тіреу қабырғаларының үгітілген сылақ қабаты қайта сыланады.
Реставрация кезінде ескерткіштердің тарихи келбеті мен сәулеттік ерекшелігін сақтауға басымдық беріледі. Қолданылатын құрылыс материалдары нысанның өзіндік сипатына сай іріктеліп, жаңартылған бөліктердің ескерткіштің бастапқы сәулеттік келбетімен үйлесімді болуы ескеріледі.
«Атқарылып жатқан жұмыстар ханака мен медресенің одан әрі бүлінуіне жол бермей, олардың беріктігін арттыруға және тарихи келбетін сақтауға бағытталған», - делінген хабарламада.
Сауран қалашығы – Түркістан облысындағы тарихи-мәдени мұраның маңызды нысандарының бірі. Қалашықтағы ескерткіштерді сақтау көне шаһардың тарихын тереңірек зерделеуге және кеңінен танытуға ықпал етеді.
Еске салайық, бұдан бұрын жарты жылда Қазақстанның музей-қорықтарына 784 мыңнан астам адам барғаны туралы жаздық.