Сарапшы: Жаңа Конституция әділетті қоғам құруға бағытталған

Сарапшы: Жаңа Конституция әділетті қоғам құруға бағытталған
Фото: Сәуле Сапаралиеваның жеке мұрағатынан

Қазақстанда жаңа Конституцияны түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Құжаттың негізгі нормалары туралы ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының директоры, заң ғылымдарының кандидаты Сәуле Сапарәлиева айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сарапшы жаңа Конституцияның негізгі идеясына тоқталып, оның тұжырымдамалық және құндылықтық сипатын атап өтті.

«Жаңа Конституцияда негізгі идея нақты айқындалған – «мемлекет адам үшін, адам мемлекет үшін емес». Бұл идея «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде Қазақстанның саяси жүйесін дамытудың қисынды жалғасы болып табылады. Тұтастай алғанда, жаңа Конституцияның мазмұны адамға бағдарланған сипатқа ие», – деді Сәуле Сапарәлиева.

Құжаттың адамға бағдарлану мәнін түсіндіре келе, ол бұл ұғымға кеңінен анықтама беріп, адам құқықтарының басымдылығын көрсетті.

«Адамға бағдарлану – бұл басқару философиясы. Ол адамның қажеттіліктерін, құндылықтары мен әл-ауқатын процестердің орталығына қоя отырып, оны жай ғана «ресурс» емес, басты қозғаушы күшке айналдырады. Сондықтан жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – адам құқықтарына басымдық беру. Адамның құқықтары мен бостандықтары тек жаңа Преамбулада ғана емес, бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы мен мазмұндық өзегі ретінде бекітілген», – деп атап өтті сарапшы.

Құқықтар мен бостандықтар саласындағы өзгерістер туралы сұраққа жауап бере отырып, Сәуле Сапарәлиева адам капиталын дамытуға және мемлекеттің стратегиялық бағытына назар аударды.

«Жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылымды, мәдениетті және инновацияларды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Мысалы, 3-бапта адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі принциптерінің бірі ретінде бекітілді. Бұл тәсіл мемлекеттің стратегиялық бетбұрысын көрсетеді: ендігі басымдық табиғи ресурстарды пайдалану емес, адам капиталын дамыту және азаматтардың мүмкіндіктерін жүзеге асыру болып табылады», — деді ол.

Сонымен қатар сарапшы цифрлық кеңістікке және заңгерлік көмек кепілдіктерін күшейтуге қатысты жаңа нормаларға жеке тоқталды.

«Бұдан бөлек, құжатта алғаш рет азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғауға бағытталған бөлек норма қаралған. Сондай-ақ адвокатура қызметін реттейтін жеке 86-бап енгізілді, бұл білікті заң көмегін алу кепілдігін күшейтеді», – деп түсіндірді Сапаралиева.

Әлеуметтік бағыт пен теңдік принципіне түсініктеме бере отырып, ол базалық кепілдіктердің сақталғанын атап өтті.

«Конституцияда мемлекеттің әлеуметтік бағыты, соның ішінде азаматтарды жасына, сырқатына, мүгедектігіне және өзге де заңды негіздерге байланысты әлеуметтік қамсыздандырудың кеңейтілген кепілдіктері сақталып, күшейтілді. 1-бапта Қазақстан Республикасы өзінің әлеуметтік мемлекет мәртебесін растайды және азаматтарына лайықты өмір сүруді қамтамасыз ету міндеттемесін алады. Сондай-ақ Конституцияда қандай да бір кемсітушілікке жол бермеу принципі сақталған», – деді сарапшы.

Сәуле Сапарәлиева неке ұғымын бекітетін норманың ережелерін де түсіндіріп өтті.

«Неке – бұл еркек пен әйелдің ерікті әрі тең құқылы одағы деген ереже енгізілді. Бұл дәстүрлі құндылықтарды және әйелдер құқығын ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауды күшейтеді. Бұл ережеде мына ұғымдар негізгі рөл атқарады:

«Ерікті одақ» – неке тек екі жақтың өз еркімен және келісімімен ғана қиылады, яғни конституциялық деңгейде мәжбүрлі некеге тұруға тыйым салынады.

«Тең құқылы одақ» – ерлі-зайыптылар отбасында тең құқықтар мен міндеттерге ие болады, бұл некедегі гендерлік теңдік принципін бекітеді», – деп қадап айтты ол.

2026 жылғы Конституцияны жаңа қоғамдық шарт деп атауға бола ма деген сұраққа сарапшы былай деп қорытындылады:

«Белгілі бір деңгейде – иә. Конституция – бұл жай ғана заңдық құжат емес, бұл мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің негізі. Жаңа Конституция – әділетті және адамға бағдарланған мемлекет құрудың кезекті кезеңі. Жаңа Конституция саяси жүйені жаңғырту және адам құқықтарының кепілдіктерін нығайту бағытының жалғасы ретінде қабылданады», – деп түйіндеді Сәуле Сапаралиева.

Дайындаған Әдемі Сайрамбаева