Роберт Мшвидобадзе: Қазақстан спортшылары демалғысы келмейді

Роберт Мшвидобадзе: Қазақстан спортшылары демалғысы келмейді
Фото: Роберт Мшвидобадзе/ Instagram

Қазақстан дзюдо құрамасының бас бапкері Роберт Мшвидобадзе Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына дайындық барысы, спортшылардың жағдайы және алдағы ірі жарыстар жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

- Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына дайындықтарыңыз қалай болып жатыр?

- 22 сәуір – 1 мамыр аралығында арнайы физикалық дайындықты жетілдіру мақсатында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Негізгі тапсырмалар орындалды. Спортшыларымыз дайын десек болады. Осы жерде айта кететінім, біздің мақсатымыз – Лос-Анджелес жазғы Олимпиада ойындары. Оған дейінгі жарыстардың барлығы дайындық ретінде есептеледі.

- Астанадағы «Үлкен дулыға» бәсекесінде неге басты назар аударасыздар?

- Спортшылардың тактикасына, психологиялық дайындықтарына назар аударамын. Себебі, бір жыл бұрын құрамаға келгенде спортшылардың жоғарыдағы факторда мәселе бар екендігін байқағанмын. Өздеріңіз білетіндей, елорданың татамиінде 53 дзюдошымыз жүлдеге таласады. Олардың арасында бес-алтауы дебют жасамақ.

- 2024 жылдың соңынан бері ұлттық құрамамен тығыз жұмыс істеп жатырсыз ғой. Қазақстан спортшыларының қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?

- Жігіттер мен арулар да өте еңбекқор. Олар демалғысы келмейді. Үнемі маған жаттығу жасайық деп айтады. 

- Әлеуметтік желіде сіздердің жұмыстарыңызды сынап, нәтиже бермей жатыр деп сынап жатады ғой. Сындықалай қабылдайсыз?

- Кез келген жүйені спортшылар бірден бойына сіңіре алмайды. 2-3 ай бұрын ғана олар ақырындап бейімделе бастады. Жеке өзім әлеуметтік желіні қарамаймын. Менің мақсатым – Лос-АнджелесОлимпиадасына жігіттер мен аруларды толық бабында апарып, жүлде алу. Одан кейін әлеуметтік желідегі пікірлерге назарымды аударармын.

- Жазғы Азия ойындарына құрам қалай жасақталады?

- Барлығы спортшылардың өзіне тікелей байланысты. Әрқайсысына мүмкіндік беріліп жатыр. Кім өзін көрсетеді және бабында болады – cол Жапонияда ел намысын қорғайды.

- Жапонияда жүлде алу жағынан қандай да бір міндеттеме қойыла ма?

- 2023 жылы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының өкілдері 1 күміс, 4 қола медаль иеленген. Енді сол көрсеткіштен асуға тиіспіз. Бәселестік жоғары болатындығы анық. Мысалы, 2025 жылғы жаһандық додада 15 жүлде жиынтығы салынып, Азия құрлығынан Жапония мен Оңтүстік Корея елі 7 алтын медальді алды. Бірақ менің шәкірттерім де есесін жібермейді деп сенемін.

- Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтың қайта оралуы көпшілік асыға күтіп жүр. Оның жағдайы қалай?

- Ол жақында ғана кезекті отасын жасады. Ақырындап өз формасына кіріп келе жатыр. 2 апта бұрын жаттығуға кірісті. Елдос жоғары деңгейіне шығу үшін әлі көп еңбектенуі керек. Алдағы уақытта ол 60 келіде қала береді.

- Ұлттық құраманың басы-қасында жүрсіз ғой. Қай салмақта бәсекелестік жоғары екен?

- 60 және 81 келіде бәсекелестіктің деңгейі өзіме ұнайды. Қалған салмақтар да жаман емес.

- Жақында ғана Азия чемпионы атанған Әділет Алматты неге тізімге қоспадыңыздар?

- Әділет 2026 жылдың өзінде төрт жарысқа қатысып үлгерді. Бапкерлік штабпен ақылдаса отырып, оған демалыс беруді жөн деп шештік. 

- Астанаға көп елдің көшбасшылары келмейді деп естіп жатырмыз. Бұл сіздердің жүлде алу мүмкіндігін арттыра ма? Қандай жоспарларыңыз бар?

- Қазақстанға келетін спортшылар да бұрыннан бері дзюдомен айналысып жүр. Ешкімді менсінбеуге болмайды. Мысалы, 2025 жылы қазақстандық дзюдошылар 9 бірдей жүлде алды. Бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Таңғалғанбыз. Сондықтан алдын ала тон пішпей-ақ қояйын. Барлығын татами көрсетеді.