Қазақстандық төрт оқушы IOI-2026 халықаралық олимпиадасында бақ сынайды
Ташкент қаласында информатикадан халықаралық олимпиада (International Olympiad in Informatics, IOI 2026) өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Әлемнің үздік жас бағдарламашылары бас қосқан додаға әлемнің 90 елінен 360 оқушы қатысуда.
«Олимпиада барысында қатысушылар алгоритмдік ойлау, бағдарламалау және күрделі есептерді шешу бойынша білімдері мен дағдыларын көрсетеді», - делінген хабарламада.
Қазақстан атынан информатика пәнінен республикалық олимпиаданың төрт жеңімпазы өнер көрсетеді:
Мансур Мамадахунов - Қызылорда облысындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
Максим Цой - Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
Асқар Әкежан - Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы;
Алдияр Сейтбай - Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.

Ұлттық құрама жетекшілері - республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Темірлан Сатылханов және Айбек Қуанышбай.
Айта кетейік, информатикадан халықаралық олимпиада алғаш рет 1989 жылы Болгарияда өтті. Қазақстан бұл додаға 1999 жылдан бері қатысып келеді. 2025 жылы Боливияда өткен олимпиадада ұлттық құрама үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Қазақстандық оқушылар осы уақытқа дейін аталған олимпиадада барлығы 75 медаль иеленді.