Қазақстандық өнертапқыш ерекше балаларға көмектесетін робот ойлап тапты

Қазақстандық өнертапқыш ерекше балаларға көмектесетін робот ойлап тапты
Фото: Жалпыұлттық коалицияның медиа-штабы

Робототехникалық жобаның авторы Айсұлу Тілеуқұлова ерекше балаларға арналған жаңа технология туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның сөзінше, бұл – баланың дене тепе-теңдігін дамытуға арналған робототехникалық платформа. Құрылғы әр бағытта баяу қозғалып, баланың тепе-теңдігін жаттықтыруға көмектеседі.

Платформа церебралды сал ауруы, аутизм және басқа да неврологиялық диагнозы бар балаларға арналған. Қазіргі коррекциялық орталықтарда қолданылатын балансерлердің мүмкіндігі шектеулі, өйткені оларда кері байланыс жүйесі жоқ.

Ал жаңа құрылғыда арнайы сенсорлар орнатылған. Олар жаттығу кезінде баланың тепе-теңдігін, қысым күшін және қозғалысын тіркеп, деректер жинайды. Бұл мәліметтер арқылы баланың жағдайын талдап, реабилитацияның тиімділігін бағалауға және жаттығу режимін жеке ерекшелігіне қарай өзгертуге мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, республикалық референдум аясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен «Референдум – 2026» атты ауқымды онлайн марафон өтіп жатыр.  Қоғамдағы маңызды тақырыптарды талқылап, сарапшылар мен мамандардың пікірін ортаға салуға және елдегі инновациялық бастамаларды кеңінен таныстыруға мүмкіндік беретін онлайн марафон сағат 09:00 - 01:00 аралығында, 16 сағатқа жалғасады.