Қазақстан оқушылары география олимпиадасында командалық есепте екінші орын алды

Қазақстан оқушылары география олимпиадасында командалық есепте екінші орын алды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан құрамасы IGeO 2026 халықаралық география олимпиадасында 2 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орынға ие болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олимпиада 11-17 тамыз аралығында Түркияның Ыстамбұл қаласында өтті. Байқауға ұлттық іріктеу кезеңдерінен өткен 50 елден 184 оқушы қатысты.

Қазақстан құрамасының мүшесі, Қостанай қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Андрей Енбахтов алтын медаль жеңіп алып, жеке есепте абсолютті чемпион атанды. Ол IGeO олимпиадасында қатарынан екінші жыл алтын медаль иеленіп отыр.

Жетісу облысындағы Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейдің 10-сынып оқушысы Бекбол Дарын да алтын медаль алып, жеке есепте 9-орынға тұрақтады.

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушылары Амир Дарынов пен Алан Козленко күміс медаль иеленді.

Осылайша, Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі де халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанды.

Құрамаға республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері Абай Дүйсен мен NU студенті Алмас Искендиров жетекшілік етті.

Қазақстан халықаралық география олимпиадасына 2012 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде отандық оқушылар 7 алтын, 6 күміс және 7 қола медаль жеңіп алған.

Бұған дейін қазақстандық оқушының әлемдегі үздік бес жас бағдарламашының қатарына енгенін жаздық.