Референдум-2026

«Қауіпсіз үй»: 1 379 азамат мемлекеттік қолдауға ие болды

14 тамыз, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Қауіпсіз үй»: 1 379 азамат мемлекеттік қолдауға ие болды
Фото: Ішкі істер министрлігі

Ішкі істер министрлігі «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, негізгі міндет – құқық бұзушылықтарды анықтап қана қою емес, ең алдымен адамдарды қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету.

Бұл жұмыста полиция, жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салалары, дағдарыс орталықтары, психологтар мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс атқарды. Жұмыс барысында 300-ге жуық қиын өмірлік жағдайдағы отбасы анықталды. Жалпы 1 379 азамат мемлекеттік қолдауға ие болды. Оларға құқықтық, психологиялық, медициналық және әлеуметтік көмек көрсетілді. 42 адам дағдарыс орталықтарына, тағы 37 адам отбасын қолдау орталықтарына уақытша орналастырылды.

«Алайда бұл сандардың артында – нақты адам, нақты отбасы және нақты тағдыр тұр. Сондықтан біздің мақсатымыз – мәселені тіркеп, кінәлі адамды жазалау ғана емес. Ең маңыздысы – қауіпті дер кезінде анықтап, жәбірленушіні қорғау, қажетті көмек көрсету және зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу», - деп хабарлады ведомствода.

Аталмыш бағыттағы жұмыстар күн сайын жалғасын таппақ. 

Полицияда сондай-ақ «Қауіпсіз үй» - жазадан қорқудан емес, өзара құрметтен, жауапкершіліктен, бір-біріне қолдау көрсетуден және отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ екенін түсінуден басталатынын мәлімдеді.