Полиция полковнигі Жұлдыз Байленова: «Полиция қызметі – үлкен жауапкершілік»

Бүгін, 09:41
Думан Аманжол Думан Аманжол
Полиция полковнигі Жұлдыз Байленова: «Полиция қызметі – үлкен жауапкершілік»
Фото: Жұлдыз Байленованың деке мұрағатынан

Бүгін - Қазақстан полициясы күні. Осы мереке қарсаңында Астана қаласы полиция департаментінің Цифрландыру және жасанды интеллект басқармасының Байланыс бөлімінің бастығы, полиция полковнигі ұлдыз Байленовамен әңгімелескен едік. Ол қызмет жолы, мамандық таңдауы, отбасы құндылықтары және цифрландырудың саладағы рөлі туралы ойларымен бөлісті деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Кейіпкердің айтуынша, құқық қорғау саласына келуіне басты себеп – Отанға қызмет етуге деген ұмтылыс болған.

«Мен құқық қорғау саласына 2003 жылы келдім. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, Астана қаласы полиция департаментінде «инженер-бағдарламалаушы» болып еңбек жолымды бастадым. Бұл мамандықты таңдауыма Отанға қызмет ету және форма киюге деген қызығушылығым себеп болды. Жалпы, полиция формасы – үлкен жауапкершіліктің белгісі деп білемін. Сондай-ақ біздің қызметте әйел, еркек деп бөлінбейді, барлығымыз – полиция қызметкерлеріміз», – дейді полковник ханым.

Оның айтуынша, полиция қызметі жоғары жауапкершілікті талап етеді, кейде жеке өмір мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау да оңай емес.

«Қазіргі таңда негізгі міндетім – департаментті заманауи талаптарға сай байланыс жүйелерімен қамтамасыз ету. Әр жұмыстың өз қиындығы болады. Полиция қызметінде кейде отбасыға, жеке өмірге уақыт жетпей жатады. Ал бұл салада ең маңызды қасиеттер – жауапкершілік пен қайсарлық деп ойлаймын», – деді ол.

Кейіпкер отбасының қолдауы кәсіби жолында маңызды рөл атқаратынын айтады.

«Жолдасым да полиция полковнигі болған, қазір зейнеткер. Бір салада жұмыс істегендіктен бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Балаларымызды да департаменттегі іс-шараларға қатыстырып, жұмысымыздың мәнін түсіндіруге тырысамыз. Себебі, бәрі де олардың болашағы үшін», – дейді ол.

Оның айтуынша, цифрлық технологиялар полиция жұмысын жеңілдетіп, тиімділігін арттырып отыр.

«Техниканың көмегімен жұмыстар тез әрі сапалы атқарылады. Қазірдің өзінде кей процестер онлайн форматқа көшіп, уақыт үнемделіп жатыр. Болашақта цифрландырудың ықпалы одан әрі арта түспек», – деді ол.

Жұлдыз Байленова «Полиция күні» мерекесі оның отбасы үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті. 

«Отбасымызда екі полиция қызметкері бар болғандықтан, бұл күнді көбіне шағын отбасылық дастарқанда атап өтеміз», – дейді ол.

Сұхбат соңында ол әріптестеріне және жас мамандарға ақ тілегін жеткізді.

«Әріптестеріме қайсарлық пен шыдамдылық тілеймін. Жас мамандарға жауапкершілік, табандылық және ақ жол тілеймін. Кез келген салада қиындық бар. Ең бастысы – оларды жеңе білу керек», – деді полковник.